Кентау қаласында үйлестіру кеңесінің отырысы өтті

12 желтоқсан 2019 Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF
Кентау қаласында үйлестіру кеңесінің отырысы өтті - 824951966

Кентау қаласында Түркістан облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің төрағалығымен заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті  қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Үйлестіру кеңесінің жұмысына жергілікті уәкілетті атқару мен құқық қорғау органдарының бірінші басшылары қатысып, күн тәртібіне сәйкес мемлекеттік органдармен құқықбұзушылықты алдын алу жұмыстарының сапасына облыс прокуратурасы тарапынан жүргізілген тексерулердің нәтижелері қаралды.

«Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын орындау мәселесі жөнінде облыс прокурорының орынбасары Е.Бөлегенов баяндама жасап, «Облыс көлемінде криминогендік жағдайдың тұрақталғанын және оның 24,2%-ға төмендегенін айта келіп, тексерулердің қорытындысы бойынша құқық бұзушылықтардың көп деректері есепке алынбағанын» атап өтті.

Статистикалық есептерге сәйкес облыс көлемінде 761 жол көлік оқиғалары тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға төмендеген. Дегенмен, прокурорлық тексерулер полиция органдарының 227 жол көлік оқиғасын есепке алмағанын көрсетті. Осы оқиғаларды есепке алғанда, бұл көрсеткіш 11%-ға  жоғары болатын еді.

Кеңес отырысында жол көлік оқиғаларының өсу себебін жол көлік қозғалысының қауіпсіздігіне жауапты органдар арасындағы қарым-қатынастың жоқтығымен, бейнекамераларды тиімсіз пайдалануымен байластырылды.

Жол белгілерін орнату бойынша полиция органдарының ұйғарымдарын жергілікті атқару органдары орындаусыз қалдырып отырған. Соның салдарынан  адам шығынына әкеп соқтырған жол көлік оқиғалары орын алған. Мысалы, 12.09.2019ж. Қазығұрт ауданының полициясы аудан әкімдігіне «Ы.Алтынсарин» атындағы жалпы орта мектебінің алдындағы жол бойына «Полиция белдеуін» орнату бойынша ұйғарым енгізген. Алайда аудан әкімдігі ұйғарымды орындауға шара қолданбаған. Нәтижесінде 22.09.2019ж. осы аймақта бала өліміне әкелген жол көлік оқиғасы болды.

Тағы мысал, «Самара-Шымкент» трассасы бойына арнайы орнатылған темір қоршауларды белгісіз тұлғалар бұзып, өздеріне ынғайлатып кері қайту бұрылысын жасап, жасанды жол белгілерін орнатқаны анықталды. Осы жасанды жол өткелінен өтпек болған автокөліктердің салдарынан екі жол көлік оқиғасы орын алып, 4 адам қаза тапқан. 

Сондай-ақ бұл күні облыс прокуроры Елбасының қылмыстық істерді электронды форматқа өткізу бойынша тапсырмасының орындалуын құқық қорғау органдарының алдына қойды. Қылмыстық теріс қылық және онша ауыр емес қылмыстардың барлығын электронды нысанда жүргізу тапсырылған болатын. Алайда бүгінгі күні Түркістан қаласы және Арыс пен Ордабасы аудандарында тапсырманың орындалу көрсеткіші төмен.

Полиция бөлімдері компьютерлік техникаларымен әлі де толық жабдықталмағаны және Е-қылмыстық жүйесін меңгерген IT саласында техникалық қызмет көрсететін мамандардың жоқтығы теріс әсерін берген. Ал облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы және экономикалық тергеу қызметтерінен жоғарыда аталған тапсмырманы орындау назардан мүлдем тыс қалған.

Осы және басқа да өзекті мәселелер талқыға салынып, үйлестіру кеңесі отырысының қорытындысы бойынша облыс әкімдігі мен полиция департаментіне және мүдделі органдарына өзара іс-әрекеттесу мен құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жаңғыртуға ұсыныстар берілді.

 

Түркістан облысы прокуратурасының баспа-сөз қызметі