Сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір адамның борышы

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат, пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі.

Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына қосылу стратегиясы, Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» атты халыққа жолдауында ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылыққа төнген қатер ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жалпыұлттық кешенді бағдарламаны дәйекті түрде жүзеге асырудың қажеттігін айтып, сыбайлас жемқорлық қоғамның барлық мүшелеріне зиян келтіретінін, сондықтан жемқорлықпен күресу барша халықтың борышы екенін атап көрсетті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы қабылданған уақыттан бері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер дәйектілікпен жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы шаралар мен көкейтесті мәселелерді шешуде заңдылықты жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Жалпы алғанда, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің азаюы байқалуда. Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі-парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Яғни пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет жасап, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін бұзады. Парақорлықтың алдын алу, жолын кесу, ашу және тергеу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Аталған Заңға сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс.

Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл ауруға қоғам болып қарсы тұруымыз қажет.

Яғни көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылып, қолында билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сонда ғана халық сенімінің үддесінен шығатынымыз сөзсіз. Сыбайлас жемқорлық қылмыстардың белгісімен іс қозғаудың бір негізі-азаматтардың арызы. Әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын қорғауға міндетті, Қандай да болмасын «қолы да, жолы да ұзын» адамдар азаматтардың құқығын таптап, заңсыз әрекеттерге баратын болса, әділдікті орнатушы құқық қорғау органдары. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген қаймана халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік 50 мемелекеттің қатарына жетуді көздеп отырған шақта сол адами қалып-парасат биігінен көрінуге тиіспіз.

Абай аудандық

прокуратурасының прокуроры                                                      Қ. Исаұлы