Сұрақ

  • Сұрақ №: 44837
    Дата: 23.07.2018 16:32:11
    Аты-жөні: Бурлибоева Нилуфар Алтинбековна
    Сұрақ:
    Саламатсыздарма?! Мен ажрасу қағазын алғаныма 4 жыл болды. Алимент төленсін деген қаулыны 2014 жыл қырқұйек айында алдым. Ал сот орындаушылары 2016 жылы арең документтерімді тауып берді. Алимент жайлы ұмытып та кеткен. 1 жыл жүріп әрең алимент төлеттім. 4500 тенге ғана сондағысы. 1 жылдан соң тағыда жоғалды. Міне 1 жылдан асты сот орындаушым кім екенін таппай жүрмін. Өзім Алматы қаласында тұрып жатырмын. Сол себепты Сарагашқа барып қайту қиын. Іс шара қолдансаңыздар. Борышкер Агабаев Азимбек Муратович 14.02.1990 ж.
    Жауап күні:
    27 шілде, 2018 - 10:34
    Жауап:
    Н.Бурлибоеваға Құрметті Нилуфар Алтынбекқызы! Сіздің алимент өндіру туралы атқарушылық ісінің жоғалғандығы жөніндегі жазған арызыңыз аудан прокуратурасымен қаралды. Анықталғаны, Сарыағаш аудандық №2 сотының 21.11.2014 жылғы актісі (№2-1107/14 санды сот бұйырығы) негізінде борышкер А.Агабаевтан сіздің пайдаңызға табыс кірісінен ¼ бөлігін өндіру белгіленген . Алғашқыда аталған атқару өндірісі мемелкеттік сот орындаушылар бөлімімен жүргізіліп (мемлекеттік сот орындаушы Д.Ахмедовпен), Сізбен берілген (17.08.2016 жылғы) арыздың негізінде сот орындаушы Д.Ахмедовпен 08.09.2016 жылы атқару құжатын қайтару жөнінде қаулы қабылданған. Осы атқару құжаты 13.09.2016 ж - 13.10.2017 жылдар аралығында Сарыағаш ауданының өңірлік учаскесінің жеке сот орындаушыларының (А.Умаров, Н.Перменов) өндірісінде болып, Сіздің өтінішіңізге сәйкес 13.10.2017 жылы жеке сот орындаушы Н.Перменовпен атқару құжатын қайтару жөнінде қаулы қабылданып, өндірісі тоқтатылған. Сізге атқару құжаты жеке сот орындаушы Н.Перменовте екендігін айта отырып, осы атқару құжатына қатысты уәждеріңізді жеке сот орындаушының тіркелген заңды мекен-жайы бойынша (Түркістан Облысы, Сарыағаш ауданы, Сарыағаш қаласы Мусин көшесі н/з үй) келтіруіңізге болады. Сонымен қатар, ҚР «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 138-бабында белгіленген тәртіппен, аталған атқару құжатын қалауыңыз бойынша мемлкеттік немесе жеке сот орындаушыларға орындауға қайта ұсынуға құқылысыз. Осы жауаппен келіспеген жағдайда жоғары тұрған прокуратураға немесе сотқа шағымдануға құқылысыз. Сарыағаш ауданының прокуроры әділет кеңесшісі Ж.Нұрғали орын.А.Нұрлыбаев 8 705 489 64 21
  • Сұрақ №: 44752
    Дата: 19.07.2018 20:34:06
    Аты-жөні: Маматова Зулхумпор Ахмадалиевнадан
    Сұрақ:
    ұялы телефон: +998 93 445 45 58 +7 777 098 98 67 А Р Ы З Менің арыз жазу себебім төмендегіше: 04.06.2018 жылы Қазақстан Республикасы «Қазығұрт» шекаралық бақылау бекетінің аумағында Өзбекстан Республикасына шығу жолаушылар терминалының шекаралық бақылау терминал залында «Режим бақылау» шекара наряды құрамының сержанты Р.Тұрдалиев өзінің «Ачи» лақап атты қызметтік итімен өз қызметін атқару барысында, менің туған інім 06.02.1966 жылы туылған Юсупов Улугбек Ахмадали угли есірткі тасмалдау күдігімен тоқтатылып, өзінің қалтасынан есірткі затына ұқсас заттың бар екендігін анықталған. Аталған затты шекаралық бақылау терминал залына кіре берістен тауып алғандығын көрсеткен. Неліктен екендігі белгісіз, менің інім Юсупов Улугбек Ахмадали углині сол жерде өз еркімен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қалтасындағы затты бергендігіне қарамастан ҚР ҚК-нің 286 бабы 2 бөлігі 5 тармағымен №1851544631000031 санды сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізу барысында інім Юсупов Улугбек Ахмадали угли Өзбекстан Республикасының азаматы болуына және Қазақстан Республикасында тұрақты мекен-жайда тіркелмегендігіне байланысты сотқа дейін «қамауға алу» туралы бұлтартпау шарасы қолданылған. Алайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізу барысында төмендегі мән-жайлар ескерілмей отыр. Сондықтан да, ҚР ҚПК-нің 99 бабына сәйкес, қылмыстық қудалау органына қылмыстық процесс барысында маңызы бар мән-жайларды тергеу немесе басқа да құқықтар мен заңды мүдделерді қамтамасыз ету үшін өтінішхатпен жүгінуге құқылы екендігі ескере отыра төмендегіні мәлімдеймін. Атап айтқанда: 1. Інім 06.02.1966 жылы туылған Юсупов Улугбек Ахмадали угли қылмыстық істі тергеу барысында сотқа дейін қамауда отыруға денсаулығы мүлдем жарамайды. «Острый инфаркт миакарда» диагнозымен жүрегінен екі рет инсульт алған. Сонымен қатар, бауырына ота жасалып біршама бөлігін алып тасталынған інім Улугбек Ич-167/11 тергеу изоляторында жағдайы мүлдем төмендеп бара жатыр. Қылмыстық іс айыптау қорытындысымен сотқа жеткенге дейін «Өзінен айырылып қаламын ба?» -деген қауіпім жоғары. (дәрігерлік анықтама көшірмелері қоса тіркелді) 2. Інім 06.02.1966 жылы туылған Юсупов Улугбек Ахмадали угли ҚР ҚК-нің 286 бабы 2 бөлігі 5 тармағымен күдікті ретінде қамауға алынған. Алайда, ҚР ҚК-нің 286 бабы 2 бөлігі 5 тармағында не көрсетілгендігін інім мүлдем білмейді. Өйткені, Өзбекстан Республикасында орта білім алған «Қазақ» тілінде жазуды оқи алмайды және айтылған сөздерді толығымен түсінбейді. ҚР шекара бекетінде ұсталған кезде өзінің іс-әрекетін түсіндіруге мүмкіндігі болмаған. Қылмыстық істе «өзбек тілінен қазақ тіліне аударуға» аудармашы мүлдем қатыстырылмаған. Жауап алу, беттестіру, қылмыс орын алған жерді қарау және айғақты затты алу кезінде аудармашы қатыстырылмаған. 3. 2020 әскери бөлімінің анықтау және әкімшілік іс жүргізу бөлімінің бастығы әділет подполковнигі К.Абдисабиров күдікті 06.02.1966 жылы туылған Юсупов Улугбек Ахмадали углины ұсталғандығы туралы хабарлама Өзбекстан Республикасына інімнің жанұясына жолданылмаған. Хабарлама осы күнге дейін інімнің мекен жайына келмеді. Басқа мемлекеттің азаматы «ауыр» қылмыс санатына жататын қылмыспен күдікті ретінде ұсталуына қарамастан Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшіге хабарлама жолданылмаған. 4. Қылмыстық іс бойынша інім Улугбектің қалтасынан тәркіленген есірткі затының аса үлкен мөлшерде еместігін,аталған заттың құндылығы және шекарадан алып өтуге қажеттілігі сотқа дейінгі тергеп тексеру барысында мүлдем зерделенбей отыр. Өзбекстан Республикасына аталған есірткі затты шекара асыруға негіз бар жоқтығы тексерілмеген. Қажет болған жағдайда аталған затты Өзбекстан Республикасынан да табуға болады емес пе? Ол үшін шекарадан алып өту және сонша өзінің басын қауіпке төндіру қажеттігін тексермеуде. ҚҰРМЕТТІ ЖОМАРТ НУРГАЛИОВИЧ НУРГАЛИ МЫРЗА!!! Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, інім Юсупов Улугбек Ахмадали улгиге қатысты ҚР ҚК-нің 286 бабы 2 бөлігі 5 тармағымен №1851544631000031 санды сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын толыққанды тергелуін өзіңіздің қатаң бақылауыңызға алуыңызды СҰРАНАМЫН !!!
    Жауап күні:
    31 шілде, 2018 - 09:41
    Жауап:
    З.Маматоваға Шымоли мөлтек ауданы 40 үй, 48 пәтер Андижан қаласы Өзбекстан Республикасы 170102 Құрметті Зулхумпор Ахмадалиевна! Сіздің ініңіз У.Юсуповқа қатысты тергеп-тексеру амалдары жүргізу кезінде орын алған кемшіліктер жөнінде 20.07.2018ж. 01-1213-18-00004 кіріс санымен тіркелген арызыңыз аудан прокуратурасында қаралды. Өзіңізге белгілі, 04.06.2018ж. «Қазығұрт» шекаралық бақылау бекетінің аумағында Қазақстан Республикасы бағытында шығу жолаушылар терминалының шекаралық бақылау терминал залында «режим бақылау» шекара қызметкерлерімен У.Юсуповтың есірткі затын өзімен сақтап, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы заңсыз алып өткізу кезінде ұсталған. Есірткі құралдарын, психотропты заттарды және прекурсорларды сот сараптамасының қорытындысына сәйкес, 1,2849 грамм есірткі құралы-каннабис шайыры есірткі заты екені анықталған. 04.06.2018ж. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296-бабы 3-бөлігі және 286-бабы 2-бөлігі 5-тармағымен тергеп-тексеру амалдары басталған. 04.06.2018ж. іс бойынша У.Юсупов күдікті ретінде ұстап алынып, Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. 05.06.2018ж. 15/1-10-8614 шығыс санымен оның ұсталғандығы жөнінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне хабарлама жолданған және іс бойынша өзбек тілінің аудармашы маманы мен қорғаушы қатыстырылған. Сарыағаш аудандық сотының 06.06.2018 ж. актісімен У.Юсуповқа қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, Шымкент қаласы ИЧ-167/11 мекемесінің тергеу изоляторына енгізілді. Бұл ретте, Қылмыстық-атқару жүйесі тергеу изоляторларының ішкі тәртіпте қағидаларын бекіту туралы Заңының 14-тарауына сай, медициналық бөлім мамандары күдіктiлермен айыпталушылар тергеу изоляторына келiп түскен кезде үш күндiк мерзiмде оларды мiндеттi медициналық қараудан, сондай-ақ флюрографиялық және зертханалық тексеруден өткiзедi. Медициналық тексеруден өтпеген адамдар басқа күдіктiлер мен айыпталушылардан бөлек ұсталады. Медициналық тексерудiң нәтижелерi күдіктi немесе айыпталушының медициналық амбулаториялық картасында белгiленедi. Сонымен қатар, күдіктiлер мен айыпталушылар тергеу изоляторының медицина қызметкерiне күнделiктi камераларды аралаған кезде медициналық көмекке, ал ауру асқынған жағдайда тергеу изоляторының кез келген қызметкерiне жүгінеді. Күдікті немесе айыпталушы жүгінген қызметкер оған медициналық көмек көрсету үшiн шаралар қабылдайды. Бұдан бөлек, күдіктiлер мен айыпталушыларға амбулаториялық көмек камераларда, өзге де үй-жайларда, сондай-ақ тергеу изоляторының медициналық бөлiмiнiң мамандандырылған кабинеттерiнде көрсетiледi және туыстарынан алынған медициналық препараттар медициналық бөлiмде сақталады. Осыған орай, ініңіз У.Юсуповқа қажетті медициналық көмек көрсетуге және басқада оның денсаулығына қатысты уәжіңіз бар болған жағдайда, Шымкент қаласы ИЧ-167/11 мекемесіне өтінішпен жүгіне аласыз. Берілген жауаппен келіспеген жағдайда жоғары тұрған прокурорға немесе сотқа шағымдануыңызға құқылысыз. Сарыағаш ауданының прокуроры Ж.Нұрғали орын: Д.Мусаев тел: 2-27-31
  • Сұрақ №: 44250
    Дата: 01.07.2018 23:36:02
    Аты-жөні: Янгибаева Дилдора Абсаттаровна
    Сұрақ:
    Құрметті Жомарт Нұрғалиұлы! Менің арыз жазу себебім төмендегіше: Көршілес жатқан Өзбекстан Республикасында жоғарыда көрестілген мекен жайда тұрамын. Тұрақты жұмысымның болмауына байланысты жеке кәсіпкерлікпен айналысамын. Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы мен Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Миромоновичтердің арасында келіссөз барысында қос елдің сауда саттық саласында ынтымақтастығын күшейту туралы келіссөздер жүргізілгендігін естіп шын мәнінде қуанған болатынмын. Осы бағытта Қазақстан Республикасына керекті тауарларды алып келіп, қайтарда өзімізге керекті заттарды алып қайтып жүргенмін. 06.04.2018 жылы өзін Сарыагаш ауданының тұрғынымын деп таныстырған Омаршикова Юлдуз Намазбаевна деген азаматшамен таныстым. Ол өзінің Қазақстан Республикасы аумағында тауар сатумен айналысып жүргендігін айтып көрсетті. Сол күні Өзбекстан Респуубликасының аумағында ақшасын көрсетіп 3 тонна жер жаңғақ, пластмас ойыншықтар және аяқ киім кеденнен алып өтуімді сұранды. Мен өз келісімімді беріп айтқан сөзіне сендім. Заттарды алып өтісімен Омаршикова Юлдуз өзінің алаяқтық іс әрекетін жүзеге асырғандығына толық сеніп менімен қазір тауардың ақысын есептесемін деп қаша жөнелді. Сол уақыттан бері жалпы құны 2 000 000 (екі миллион) тенгеге жуық ақшамды ала алмай келемін. Осы жөнінде Сарыағаш аудандық ПБ на арыздандым. Арызым бойынша қылмыстық іс қозғалып күдікті Омаршикова Юлдуз Намазбаевна полиция басқармасына жеткізілді. Сол жерде ол өзінің кінәсін толығымен мойындап, алаяқтық іс әрекетін жүзеге асырғандығын айтып көрсетті. Бірақта осы күнге дейін осы азаматшаның қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылмай қылмыстық іс қамауға алу бойынша бұлтартпау шарасы маған белгісіз себептермен қолданылмай келеді. Полиция тергеушісі аудандық прокурордың орынбасары өз рұқсатын берсе қамауға аламын немесе мен оны қамай алмаймын деген сылтауын айтып келеді. Аудан прокурорының орынбасары осы күнге дейін қылмыстық іс бойынша неліктен процесстік прокурорды тағайындамағандығына таң қаламын. Процесстік прокурор тағайындалған жағдайда неліктен осы күнге дейін бірнеше рет беттестіру жұмыстары жүргізілген кезде қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеп тексеруіне өз ықпалын тигізбей салғырттық танытуда? Құрметті прокурор мырза! Мен көршілес жатқан елдің азаматшасымын. Менің Сарыағаш ауданына қайта қайта келуім қаражат жағынан да, жанұялық жағадайға байланысты да қазіргі таңда қыйындық туғызуда. Сондықтан да, қылмыстық істің тергелуін өз бақылауыңызға алып, күдікті азаматшанының қылмыстық іс әрекеттерін әшкерелеп, айыптау қорытындысымен сотқа жолдауыңызды сұранамын.
    Жауап күні:
    5 шілде, 2018 - 20:30
    Жауап:
    Д.А. Янгибаеваға В.Кадиров көшесі, Достық ауылы, Субхандария облысы, Өзбекстан Республикасы Құрметті Дилдора Абсаттаровна! Сіздің, 2018 жылғы 2 шілдедегі (кіріс саны 01-1213-18-00003) қылмыстық істің тергеу барысын бақылауға алу туралы жазған арызыңыз, аудан прокуратурасында жинақталған іс құжаттарын зерделеу арқылы қаралды. Өзіңізге белгілі жәйт, Сарыағаш АІІБ-да сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне 22.06.2018 жылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 189-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен тіркеліп, қазіргі уақытта тергеуші Н.Намазбаевпен тиісті сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілу барысында. Зерделеу нәтижесімен, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 24-бабында көзделген тексеру толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету және арызыңызда көрсеткен уәждеріңізді тексеру жөнінде аудан прокуратурасымен 04.07.2018 жылы Сарыағаш АІІБ-на жазбаша нұсқау берілді. Сондықтан, арызда көрсеткен уәждеріңіз тергеп-тексеру барысында қылмыстық істің шеңберінде толық көлемде тексеріліп, нәтижесімен кінәлі адамдарға қатысты түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатын болады. Қылмыстық іс бойынша қабылданған шешім жөнінде, Сізге тергеу орнымен жауап беріледі. Қосымша өтінішіңіз болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 99-бабының 1-бөлігінің талабына сай, оны қылмыстық қудалау органына ұсына аласыз. Осы жауаппен келіспеген жағдайда, берілген жауаптың көшірмесін тіркей отырып жоғары тұрған прокурорға немесе сотқа, ал қылмыстық іс бойынша Сарыағаш АІІБ-мен қабылданған түпкілікті шешіммен келіспеген жағдайда аудан прокуратурасына қайта шағымдануға құқылысыз. Сарыағаш ауданының прокуроры Ж. Нұрағали ? С.Әбибулла :2-11-02
  • Сұрақ №: 39780
    Дата: 05.02.2018 15:49:32
    Аты-жөні: Алсейтов Ержан Серикбаевич
    Сұрақ:
    Салеметсизбе менын айтайын дегеным откенде мен интернет желысы аркылы алданып калдым. Комакты акшага куйып калдым соны кайтаруга болама, алданып калган себебым инстаграмда маган улкен коэффициент ты экспресс беремын деп алдап акшамды алып койды. Калай акша бергенымды да байкамай калдым. Акшаны QIWI кошолок ка аударган едым. Олар алдап акшамды алып койды, е экспресс те жок е акшада жок. Олар маган биздын данный деп бир адамнын куалыгы мен жургузушылык куалыгын жиберген еды. Сол адамдарды таба аламыз ба. QIWI центерген хабарласканымда жергылыкты полициядан арыз келмесе комектесе алмаймыз деды. Мен ары ойланып беры ойланып натжесы болама жокпа билмей журып калдым. Комектесесыздерма.
    Жауап күні:
    20 ақпан, 2018 - 20:04
    Жауап:
    Е.Алсейтовке Самал-2 елді мекені, Сарыағаш қаласы 160900 Құрметті Ержан Серікбайұлы! Сіздің, 07.02.2018 жылғы интернет желісі арқылы қомақты ақшаға алданып қалғаныңыз бойынша Бас Прокуратураның блогына жазған арызыңыз аудан прокуратурасымен қаралды. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 190 бабына сәйкес алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену бойынша қылмыстық жауаптылық көзделген. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодекстің 179 бабына сәйкес жекеше айыптау істерін қоспағанда, қылмыстық құқық бұзушылық туралы барлық арыздар, хабарлар бойынша қылмыстық қудалау органы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуге міндетті екені көрсетілген. Сондықтан, Сіз арызда көрсетілген уәжіңіз бойынша ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Заңына сәйкес жазбаша не электрондық түрде Сарыағаш аудандық ІІБ-на арызбен жүгіне аласыз. Осы жауаппен келіспеген жағдайда жоғары тұрған прокурорға немесе сотқа шағымдануға құқылысыз. Сарыағаш ауданының прокуроры Н. Боранбаев орын: Ғ.Бейсеқұлов тел: 2-25-05
  • Сұрақ №: 34357
    Дата: 11.07.2017 07:44:01
    Аты-жөні: джолдасова нурсулу есейевна
    Сұрақ:
    Сарыағаш ауданының Прокуроры Борнабаев Нуржан Қанайұлы Джолдасова Нурсулу Есейвнадан Мақтаарал ауданы, Атакент кенті Тәуелсіздік көшесі №2 үй тұрғыны. 87785888571. АРЫЗ. Мен, Джолдасова Нурсулу Есейевна, сізге арызданып отырған себебім, менің екі ұлым Бедилхан Береке мен Бедилхан Оразалы сарыағаш ауданың балалар шипажайында демалып журіп, осы шипажайда бұзық балдар(дедовшина) тиісті деп, ашу үстінде ҚР Бас прокуратурасының интернет блог сайтына жазғаным рас. ҚР Бас Прокуратурасының интернет блог сайтына жазған куні, кешке балама телефон соқтым, сол кезде ол жылап үйге қайтам деді, мен ішімнен бұртілі сезіп қалып, сол шипажайдағы демалып журген бұзық балдар ұрған шығар деген ой туылып, ашу үстінде ҚР Бас прокуратурасының интернет блог сайтына шағым түсіргенім рас. Ал, ертесіне тәрбие апайларымен телефонда хабарластым, бары жақсы екен және жұбайым Жуманов Жанибекпен бірге, осы Сарыағаш ауданы, Көктерек елді мекендегібалалар Шипажайға барып, апайлармен кездесіп, сөйлесіп екі баламен, және ешкім екі баламды ұрамағаны анықталды, балдарым ата анасын сағынғаны туралы анықталды, содан соң көңілім жайына келді. Себебі екі балам, бірінші рет уйден алыс қыдыруға шығу болған соң, ұайымдағаным деп есептеймін, екі баламның қазыр жағдаы жақсы оларға осы шипажай ұнады және бізге де ұнады. Сол себептен сізден сұрайтыным, ашу үстінде ҚР Бас прокуратурасының интернет блог сайтына жазған арызымды қараусыз қалдырып,Сарыағаш ауданың балар шипажайның ұжымына және тәрбие апайларына мен басшыларына прокурорлық шара қолданбай қараусыз қалдыруыңызды сұраймын. 11.07.2017ж.
    Жауап күні:
    17 шілде, 2017 - 20:01
    Жауап:
    Н. Джолдасоваға Мақтаарал ауданы, Атакент кенті, Тәуелсіздік көшесі №2. Құрметті Нурсулу Есейевна! Сіздің, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының блогына жазған арызыңыз аудан прокуратурасымен қаралды. Анықталғаны, Облыстық «Сарыағаш» балалар шипажайына 2017 жылдың шілде айының 01 мен 18 аралығында жоспарлы түрде санаторлық-оңалту емін қабылдауға «созылманы пиелонефрит» диагнозымен ұлдарыңыз Бедилхан Береке және Бедилхан Оразалы портал арқылы жатқызылған. Бүгінгі таңда, балаларға шипажайда көзделген кешенді ем толығымен көрсетілуде және балалардан шипажай әкімшілігіне ешқандай шағымдар түспеген. Ал, осыған дейінгі жазған арызыңыз аудандық прокуратурамен қаралып, Сізге тиісті жауап берілгендіктен ол арызды қараусыз қалдыруға мүмкіндік жоқтығын хабарлаймын. Егер, осы берілген жауаппен келіспеген жағдайда жоғары тұрған прокуратураға немесе сотқа шағымдануға құқылысыз. Сарыағаш ауданының прокуроры Н. Боранбаев ? С.Сейілханов ( 8(72537)2-25-05
  • Сұрақ №: 31599
    Дата: 06.03.2017 10:39:34
    Аты-жөні: Асанова Динара Рахымовнадан
    Сұрақ:
    Арызданушы: 22.03.1979 ж.т. тел:+7 701 836 30 48 ИИН 790322400367 А Р Ы З (түп нұсқасы КАЗ ПОШТА байланысы арқылы жолданды) Менің арыз жазу себебім төмендегіше: «Wealth» компаниясының ресми өкілі ретінде өзіндерін таныстырған 09.10.1976 жылы Өзбекістанда туылған, ЖСН761009401935, Тамабаева Гульмира Күнбайқызы және Беспаева Сая Жорабековна 2015 жылы желтоқсан айының басында маған аталған компания мүшесі болуымды сұранды. Компанияның шарттарын түсіндіріп, ғаламтор арқылы «Wealth» компаниясының ресми сайтына көрсетті. Аталған компанияға мүшелікке 45 000 тенге төлемақы төленетіндігін және ол соммаға 1 апта уақытта 44,4 пайыздық мөлшерлемеде, яғни 20 000 тенге үстемақы қоса сыйақы төленетіндігін түсіндірді. 14.12.2015 жылы 45 000 тенге ақша төлеп мүшелікке кірдім. Алайда, Беспаева Сая «Wealth» компаниясының менің аталған ұйым мүшесі ретінде растайтын құжаттарды ұсынбады. Олай ету себебін, компанияның Басқармасынан арнайы мүшелікті растайтын құжаттар жолданғандығын және ол құжаттардың жақын арада пошта арқылы келетіндігін айтып көрсетті. Осылайша аталған компаияға мүше болып, ендігі ретте сомманың көлемін 1 000 000 тенгеге жеткізген жағдайда арнайы сыйақы беретіндігін айтты. Сонымен: 16.12.2015 жылы -180 000 теңге 18.12.2015 жылы -45 000 теңге 21.12.2015 жылы -222 000 теңге ақшаны Шымкент қаласы, Нұрсат мөлтек ауданында тұратын әпкем Хусаинова Меруерттен Тамабаева Гульмираның 16-18 жас аралығындағы «Ораз» есімді ұлы келіп алып кетті. Қазіргі таңда, жалпы соммасы 447 000 теңге ақшамды «Wealth» компаниясының мүшелігіне, өздерін осы компанияның ресми өкіліміз деп таныстырған Тамабаева Гульмира және Беспаева Сая Жорабековналарға қолма-қол бердім. Бүгінгі күнге дейін аталған компаниядан сыйақы түгілі, осы компанияның ресми мүшелігін растайтын бірді-бір құжатты ала алмай отырмын. Өзімнің алаяқтардың құрығына түскендігімді түсініп 2016 жылы құқық қорғау органдарына арыздандым. Арызым алғашында Қаратау аудандық полиция бөлімінде қаралып, қылмыс орын алған орын Сарыағаш ауданы болғандықтан Сайрыағаш АІІБ на жолданды. Сарыағаш АІІБ ның тергеушісі тергеу амалдарының басталғандығын айта отыра жәбірленуші ретінде қосымша жауап алып, менің құқықтарымды түсіндірді. Алайда қылмысқа күдікті азаматпен мүлдем беттестіру жұмыстарын жүргізбестен қылмыстық істі жауып тастады. Құрметті аудан прокуроры Нуржан Канайович !!! 1. Тамабаева Гульмира (8-775-425-73-51) және Беспаева Сая Жорабековналардың (8-778-485-41-49) менің сенімімізге алаяқтық, яғни бөтен мүлiктi ұрлау немесе бөтен мүлiкке құқықты алдау немесе сенiмге қиянат жасау арқылы алу іс-әрекетін әшкерелеп, тоқтамға алынған қылмыстық істі өндіріске қайта жандандырып, ҚР ҚК-нің 190 бабымен қылмыстық жауапкершілікке тартуыңызды 2. Беспаева Сая Жорабековнаның ұйымдасқан қылмыстық топ құрып мен сияқты азаматтарды сенімдеріне алаяқтық жолмен кіріп, өзінің қылмыстық іс-әрекеттерін Қазақстан Республикасы аумағында жүзеге асыруына тосқауыл қоюыңызды С Ұ Р А Н А М Ы Н !
    Жауап күні:
    18 наурыз, 2017 - 18:18
    Жауап:
    Д.Асановаға -------------------------------------------------- Н.Абдиров көшесі 17 үй, Сарыағаш қаласы, Сарыағаш ауданы Құрметті Динара Рахымқызы! Сіздің қылмыстық істі қайта жаңғыртып, кінәлі адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы жазған арызыңыз, аудан прокуратурасында қылмыстық іс құжаттарын зерделеу арқылы қаралды. Өзіңізге белгілі жәйт, Сарыағаш АІІБ-да сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне 01.03.2016 жылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен тіркеліп, нәтижесімен қылмыстық істің тергеу мерзімі тергеуші ТМомбековпен 29.11.2016 жылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 45-бабының 7-бөлігінің 1-тармағының (қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам анықталмаған) талабына сәйкес үзілген. Зерделеу нәтижесімен, қылмыстық іс өндірісін қайта жаңғыртып Сіздің арызыңызда көрсеткен уәждеріңізді тексеру және Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 24-бабында көзделген тексеру толықтығы мен объективтілігі және жан-жақтылығын қамтамасыз ету жөнінде аудан прокуратурасымен 18.03.2017 жылы Сарыағаш АІІБ-на жазбаша нұсқау берілді. Сондықтан, арызда көрсеткен уәждеріңіз тергеп-тексеру барысында қылмыстық істің шеңберінде толық көлемде тексерілетін болады. Ал, қосымша өтінішіңіз болған жағдайда, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 99-бабының 1-бөлігінің талабына сай, оны Сарыағаш АІІБ-на ұсынуға құқыңыз бар. Қылмыстық істің сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде қабылданған шешім жөнінде, Сізге Сарыағаш АІІБ-мен жауап берілетін болады. Осы жауаппен келіспеген жағдайда, берілген жауаптың көшірмесін тіркей отырып жоғары тұрған прокуратураға немесе сотқа, ал қылмыстық іс бойынша қабылданған түпкілікті шешіммен келіспеген жағдайда аудан прокуратурасына қайта шағымдануға құқылысыз. Сарыағаш ауданының прокуроры Н. Боранбаев ? С.Әбибулла :2-11-02
  • Сұрақ №: 28421
    Дата: 07.12.2016 05:19:35
    Аты-жөні: Тәліп Мәдина Үкібайқызы
    Сұрақ:
    Сәлеметсізбе!Мені мазалап жүрген сұрақ алимент жайында.Мен 2014 ші жылдын қазан айында күйеуіммен ажырасып,алментке арыз жазған болатынмын.Соттың шешімі бойынша жолдасымның жалақысынын 3/1бөлігі болатын.2 балам бар.Бірақ қазіргі таңда әр ай сайын 11 500 тг ғана салып отыр.Сот орындаушылар жауап бермейді.Жолдасым құжат дайындап жасатып қойған жалақысын аз мөлшерде көрсетіп.Мен не істеуіме болады?Бізде заңды түрде неке болмаған,бірақ балаларымның әкеліеті анықтау куәліктері бар.
    Жауап күні:
    23 желтоқсан, 2016 - 19:18
    Жауап:
    Сарыағаш ауданы Құркелес ауылы тұрғыны М.Ү.Тәліпке Құрметті Мадина Үкібайқызы! Сіздің, борышкер А.Тойлыбайға қатысты алимент өндіруге шара қолдану туралы арызыңыз, аудандық прокуратурамен атқару өндірісін зерделеу жүргізу арқылы қаралды. Анықталғаны, 22.02.2016 жылы жеке сот орындаушы А.Сардарбековпен 10.10.2014 жылғы Сарыағаш аудандық сотының бұйрығына сай, борышкер А.Тойлыбайдан алимент өндіру туралы атқарушылық іс жүргізу қозғалған. Борышкер А.Тойлыбай, Сарыағаш ауданында орналасқан «Амангелді» шаруа қожалығында 09.02.2016 жылдан бастап 25 000 теңге айлық жалақыға жалдамалы жұмыс істейтіні анықталған. 25.05.2016 ж. №197 санымен жеке сот орындаушы А.Сардарбеков борышкер А.Тойлыбайдың жұмыс орыны бойынша «Амангелді» ШҚ-ның басшысына, борышкердің ай сайынғы айлық жалақысынан 50 пайызын, Сіздің «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-дағы есеп шотыңызға ұстап аудару үшін ұсыныс жолданған. Яғни, борышкердің ай сайынғы алатын айлық жалақысынан 50 пайызы ұсталып, Сіздің банктегі есеп шотыңызға аударылуда. Соңғысы борышкермен 29.11.2016 ж. №02 санды түбіртекпен Сіздің шотыңызға 22 500 теңге аударылған. Сондықтан, қазіргі таңда атқарушылық іс құжаты бойынша борышкерге немесе жеке сот орындаушыға прокурорлық шара көруге негіз жоқ. Егерде, Сіз берілген жауаппен келіспеген жағдайда жоғары тұрған прокурорға немесе сотқа шағымдануға құқылысыз. Сарыағаш ауданының прокуроры Н.Боранбаев Орын:С.Есбаев Тел:2-27-31
  • Сұрақ №: 26646
    Дата: 05.10.2016 00:00:12
    Аты-жөні: Ермекбаева Мөлдір
    Сұрақ:
    Сәлеметсіз бе. Мен,Ермекбаева Мөлдір, Ә.Жангельдин атындағы №42 мектепте тәрбиеші болып жұмыс істеймін. Мектептің бухгалтері Райымбекова Әлия қыркүйектің айлығын есеп-шотыма аудармады. Мен сұрағанда - ол 4 (төрт) айдың айлығын бермеймін деп жауап берді. Не себеппен деп сұрағанда - 2014 жылы менің декрет демалысымның ақшасы артығымен жіберілді деп, соны ұстап қалам деді, бірақ дәлелге ешқандай құжат көрсетпеді. Содан кейін мен райсобездегі бухгалтермен есептеткенде - ол сомадан декрет демалысымның ақшасы одан да асып тұру керек екенін көрдім. Бірақ Райыбекова Әлия нақты бір сомалы ақшаны қолма-қол қайтар деп үйге бір неше рет келген еді. Мен сол кезде декрет демалысымда болдым. Осы жылдың қыркүйек айында мен жұмысқа қайта шықтым. Енді осы бухгалтер Райымбекова Әлия айлығымды аудармай жатыр. Маған қай органға жүгінуге болатынын айтыңызшы. 87021700768, 87784442322
    Жауап күні:
    8 қазан, 2016 - 12:29
    Жауап:
    М. Ермекбаеваға Құрметті Мөлдір Ермекбаева! Сіздің, айлық жалақыңызды №42 «Ә.Жангелдин» атындағы жалпы орта мектептің есепшісі аудармай жатқандығы жөнінде жазған арызыңыз аудандық прокуратурамен қаралды. Анықталғаны, №42 «Ә.Жангелдин» атындағы жалпы орта мектеп директорының 31.08.2016 жылғы №61 бұйрығымен сол мектептің «Тәрбиеші» болып бала күтімі демалысынан қайта қабылданғансыз. 2016 жылдың қыркүйек айының 1-ші жұлдызы мен 30-шы жұлдызы аралығында жұмыс атқарған күндеріңіз үшін жұмыс табелі толтырылып, ол мектеп директорымен бекітіліп, аудандық білім бөліміне айлық жалақыны аудару үшін ұсынылған. Қазіргі таңда, аудандық білім бөлімімен аудан көлеміндегі мектептердің жылдық тарифі толығымен бекітіліп аяқталмаған. Сондай-ақ, Сарыағаш аудандық білім бөліміне қарасты орталықтандырылған есеп бөлімінің есепшісі А.Раймбекова өзінің түсінігінде жылдық тариф бекітілгеннен кейін Сіздің жалақыңыз аударылатынын көрсетуде. Ал, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 113 бабы 1 бөлігіне сай, жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ақшалай нысанда белгіленеді және айына бір реттен сиретпей, келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей төленетіні бекітілген. Сондықтан, аудандық білім бөліміне қарасты орталықтандырылған есеп бөлімінің есепшісі тарапынан заң бұзушылыққа жол берілмеген. Осы жауаппен келіспеген жағдайда, жоғары тұрған прокуратураға шағымдануға құқылы екендігіңізді түсіндіремін. Сарыағаш ауданының прокуроры Н. Асқанбеков орын: С.Сейілханов тел: 2-25-05
  • Сұрақ №: 14685
    Дата: 02.03.2015 22:53:25
    Аты-жөні: Ашикбаева Гулнур Кошкенбаевна
    Сұрақ:
    Мен ОҚО Сарыағаш аудандық сотына жұбайым Н.Нарбаевпен арадағы ортақ мүліктерді, үй мүліктері, «Мерседес» маркалы м\б Х 077 автокөлікті және 2-кі жер учаскесін бөлу жөнінде талап-арызбен жүгіндім. Жауапкер өз еркімен маған Шымкент қаласындағы 1 бөлмелі тұрғын пәтерді 2008 жылдың күз айында сатып алып беретін болғандықтан, аудандық сотының 05.06.2008 жылғы ұйғарымымен бітімгершілік келісімі бекітілген. Алайда, жауапкер аталған бітімгершілік келісім орындамағандықтан мен соттың 05.06.2008 жылғы атқару парағын Сарыағаш аумақтық сот орындаушылар бөлімене орындауға ұсынғанмын. 26.06.2014 жылы сот орындаушы А.Аширбаевпен борышкер Н.Нарбаевтан менің пайдама Шымкент қаласындағы 1 бөлмелі тұрғын пәтерді сатып алып беруді міндеттеу туралы атқарушылық іс-жүргізу өндірісі қозғалған. Сот орындаушымен борышкерге атқару парағын орындау жайлы бірнеше рет ескерту берілген және атына тіркелген жылжымалы және жылжымайтын мүліктері тексеріліп, нәтижесімен мүліктері анықталмаған. Сол себепті мен 26.01.2015 жылы Сарыағаш аудан прокуратурасына сот шешімі орындалмағандығы туралы арыз жазған едім. Сарыағаш аудан прокурорының көмекшісі К.Жиенбеков атқарушылық өндірісті өзіне сұратпай, атқарушылық өндіріс бойынша не жасалынып жатқанын айтпай, тек заң талабы бойынша атқару құжатын орындауға қашан беруге болатының түсіндірмекші болған. Мен прокурордан заңды түсіндіріп бер деп сұрағаным емес, мен неге соттың шешімі орындалмағанын сұрадым. Борышкер Нарбаев Нурлыбек Абубакирович ОҚО ІІД-не жұмыс істейді, жалақысы 200 000 теңге құрайды, бірақ сот орындаушы А.Аширбаев оның айлығына тыйым салмаған, сотқа Шымкенттегі 1 бөлмелі пәтердің құны 35 000 АҚШ долларын тұратының біле тұра, сот шешімін орындау тәсілін өзгерту туралы ұсыныспен шықпаған, жауапкерді сот шешімін қасақана орындамай жүрген үшін әкімшілік жауапкершілікке тартпаған. Жоғарыда аты аталған атқару өндірісінің орындалуына прокурорлық шаралар көруді сұраймын
    Жауап күні:
    2015-03-26
    Жауап:
    Г.К.Ашикбаеваға Бейбітшілік көшесі, 2 үй 14 пәтер Шымкент қаласы Сіздің, сот орындаушыларымен сот актісін орындалуына тиісті шаралар қолданылмай жатқаны жайлы жазған арызыңыз аудандық прокуратурамен қаралды. Анықталғаны, 26.06.2014 жылы Сарыағаш аумақтық сот орындаушылары бөлімімен Сіздің пайдаңызға Шымкент қаласындағы бір бөлмелі тұрғын пәтерді сатып алып беруді борышкер Н.Нарбаевқа міндеттеу жайлы атқарушылық іс-жүргізу өндірісі қозғалған. 02.03.2015 жылы борышкер Н.Нарбаевпен Сарыағаш аудандық сотына жоғарыда аталған атқару парағын жарамсыз деп танып, кері қайтару жайлы талап арыз берген. Аталған талап арыз сот өндірісіне қабылданып, азаматтық іс бойынша дайындық амалдарын жүргізу үшін алдын ала тыңдау сот отырысы 26.03.2015 жылға сағат 15:40 қа тағайындалған. Қазіргі таңда жоғарыда аталған атқарушылық іс-жүргізу өндірісі соттың сұратуы бойынша сотқа жолданғандықтан, оны зерделеуге мүмкіншілік болмады. Сонымен қатар, Сізге осы атқару құжаты бойынша өз уәждеріңізді жоғарыда аталған азаматтық істің қаралу барысында сотқа ұсынуға құқылы екеніңізді түсіндіремін. Осы жауаппен келіспеген жағдайда жоғары тұрған прокуратураға немесе сотқа шағымдануға құқылысыз. Сарыағаш ауданының прокуроры әділет кеңесшісі Н. Асқанбеков Қ.Жиенбеков
  • Сұрақ №: 10264
    Дата: 10.08.2014 16:08:47
    Аты-жөні: шынгыс шындык
    Сұрақ:
    Сарыағаш қаласында орналасқан Жібек Жолы ойын сауық орталығында жалға алып сауда саттық жасаушылар атынан. Біздер өзіміз жалға алып отырған орынымызды бөлмелерімізді 5 000-20 000 теңге аралығңында жалға алғанбыз, бұл туралы келісімшарттарымыз да бар. әркімнің алған орынының көлеміне қарай әртүрлі сомма бекітілген. Алайда соңғы екі айдан бері мен алдын 20 000 теңге беретін болсам маған 45 000 теңге қылып қойды. келісімшартта 20 000 теңге не үшін? деп ереуілге де шықтық солай қаласаңдар істеңдер қаламасаңдар істемей ақ кете беріңдер дейді. "Жәбек Жолы" СОСО (сауда ойын сауық орталығы) басшысы Алматы қаласының азаматы екен алайда ол кісі бұдан хабарсыз. ол кісімен хабарласудың жолын таппадық. 45 000 теңге алатындай ешқандай жағдай қарастырылмаған. Не кәріз не өртке қарсы не болмаса жауын шашынан жиналған су ағатын су ағар арықтары тіпті таза ауыз сумен қамтылмаған. Қорықтау жағына келсек жоғалған затқа өзңмңз жауап береміз. Алдымыздағы "Алып" СОСО істейтін кәсіптестеріміз 25 000 төлеп отыр. Әділдік қойда. басшы білмейді деп осы жердегілер білгенін істеп жатыр. Әділдік іздеп жазамыз дегенімізде қалған жақтарыңа жазыңдар білгендеріңді істердер деп шығарып салады. бұл жайттарды қадағалайтын бір орган жоқ дейді. Шынында бұл жағдайды қадағалайтын орган жоқ па? кімге жүгінеміз. кәсіпкерлікті қолдау ма алде қорлау ма? тапқанымыз бала шағамыздың емес қайдағы біреулердің қалта шығынына кетңп жатыр. егерде келіп тексереміз десеңіздер біз дайынбыз барлығымыздың келісімшарттарымыз бар, уақытылы салық төлейміз. осы жайында көмек беріңіздер.
    Жауап күні:
    2014-08-18
    Жауап:
    Құркелес ауыл округі әкімі А. Рахимбердиевке Арыз иелері Жибек жолы сауда орталығының кәсіпкерлеріне жауапты тапсыру үшін Сіздердің Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының блогына «Жібек жолы» сауда орталығының басшылары тарапынан әр орынға жалға алу ақысын 20 мыңнан негізсіз 45 мыңға қымбаттатқанын, кәсіпкерлердің құқықтары бұзылып жатқаны жөнінде жазған арыздарыңыз аудан прокуратурасында қаралды. Қазақстан Республикасының АІЖК-нің 8 бабының 1 бөлігінде «әрбір адам бұзылған немесе даулы конституциялық құқықтарын, бостандықтарын немесе заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен азаматтық тұрғыда сотқа талап арыз беруге құқылы» делінген. Ал, Қазақстан Республикасының АІЖК-нің 24 бабының 1, 2 тармақтарына сәйкес азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, әкімшілік, қаржы, шаруашылық, жер құқықтық қатынастарынан, табиғи ресурстарды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі қатынастардан және басқа да құқықтық қатынастардан, оның ішінде бір тараптың екінші тарапқа билік бағыныстылығына негізделген қатынастардан туындайтын даулар бойынша істер соттармен қаралатыны көрсетілген. Сондықтан, аталған дау сот тәртібімен немесе ҚР «Медиация туралы» Заңының 1 бабына сәйкес медиатордың көмегімен шешілу мүмкіндігі жөнінде түсіндіремін. Сондай-ақ, әр ауданда кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың тізімі бекітілген, олар туралы мәліметті «www.mpc-info.kz.» ресми сайтынан алуға болады. Бұдан бөлек, аудан прокуратурасымен «Жибек-жолы» сауда орталығының басшыларының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру мақсатында, арыздың бір данасы 18.08.2014 жылы Сарыағаш аудан әкіміне және ОҚО бойынша кәсіпкерлер палатасының Сарыағаш аудандық филиалына жолданғандығын хабарлаймын. Берілген жауаппен келіспеген жағдайда, жоғары тұрған прокурорға немесе сотқа шағымдануға құқылысыз. Сарыағаш аудан прокурорының міндетін атқарушы әділет кеңесшісі Н. Сапаров орын. Э.Момбекова тел. (72537) 2-20-05